Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақты ұстап тұру бағыттарында шаралар қабылдануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжапарова айтты.

«29 сауда нүктесінде бағаның мониторингі тұрақты түрде жүзеге асырылады. Бөлшек сауда орындарында бағаның негізсіз өсуі фактілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Десекте, әлеуметтік маңызы бар өнімдерінің 14 түрінде баға көтерілген. Көкөністер қымбаттаған, атап айтқанда пияз, сәбіз, күріш, картоп, сиыр еті, май бағасы қымбаттаған. Ал, қырыққабат (17,2%), сүзбе (9,8%), қант (7%), сүт (0,9%) бағалары төмендеді », - деді ол.

Оның айтуынша, азық-түлік пен бақша өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін Алматыда түрлі шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады.

«Апта сайын қаланың 5 ауданында (Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Түрксіб аудандары) ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіледі. Күзде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен төрт тақырыптық (JidekFest, ArbuzFest, AlmaFest, BalFest) және алты кеңейтілген жәрмеңке өткізу жоспарланған. Біз меморандум бойынша азық-түлік бағасын 15% -ға дейін төмендету және сауда субьектілеріндегі сөрелерінің кемінде 30% отандық тауарларға арнауды қолға алдық. Одан бөлек, сауда желелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сыйақы (ретро бонус) алатын соған тосқауыл қойдық»,- дейді Қарлығаш Әбдіжаппарова

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 2,5 мың тонна өнім бар (өсімдік майы - 699 литр, қант - 1,5 мың тонна, қарақұмық жармасы - 348 тонна), бұл тауарлар маусымдық құбылыстар кезінде төмендетілген бағамен халыққа сатылатын болады. Қор тек отандық өнімдерден тұрады.

2016-2018 жж тұрақтандыру қорына 1,3 млн теңгенің 5,7 мың тонна өнімі сатып алынды, 558,23 млн теңгеге 3,2 мың тонна өнімге интервенция жүргізілді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру басты мақсат. Ол үшін серіктес компанияларға маусым аралығында тауардың бағасын көтермеу үшін оларға банк кепілдігімен қайтарылатын 750 миллион теңге бөлінді»,-деп атап өтті.

Жүргізілген талдау жобаның оң нәтижесін көрсетті. Сауда желілеріндегі бағалар қала бойынша 15-25% төмен, бұл басқа сауда нүктелеріндегі бағалардың 5-15% төмендеуіне әсер етті.


Соңғы жаңалықтар