Алматыда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қорғау қоры құрылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы бизнесмендері көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау үшін 35 млн теңге жинап үлгерді. Осылайша олар «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесінің фракция жетекшісі Мұрат Әділхановтың «мұқтаж отбасыларды қолдау үшін арнайы қор ашайық» деген ұсынысына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» жаңа қоғамдық қоры мұқтаж отбасыларға атаулы көмек беруге қаражат жинау үшін ашылды.

«Бүгінде әлемде бизнестің жағдайы мәз емес. Сонда да бизнес қауымдастық қиналған отбасыларды көрсе, көмек қолын созудан тартынбайды деп ойлаймын. Мен өзім көпбалалы отбасында өстім. Қазір біз жекелеген отбасыларға көмектесіп жатырмыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Барлығымыз бірігіп, жалпықалалық қор құруымыз керек. Сонда көпшілікке көмек бере аламыз», - деді Мұрат Әділханов.

Партия өкілінің ұсынысын «Q3 Worldwide» инвестициялық қорының директоры Қайрат Құдайберген, «Kassanov Investment group» президенті Зиятдин Касанов, «Metall Prom» ЖШС бас директоры Абдухалил Долкунтай, «Алматыинжстрой» АҚ бас директоры Асхат Шилікбаев қолдады.

Нұр Отан партиясы фракция жетекшісінің айтуынша, қор жұмысы барынша көпшілікке жария болмақ. Барлық мәселелер бақылау кеңесінің қадағалауымен шешілетін болады.

Аталған кеңеске журналистер, блогерлер, қоғам қайраткерлері, көпбалалы отбасылардың мүшелері кіре алады. Сонымен қатар, қала билігі көпбалалы аналардың құқығын қорғап жүрген белгілі журналист Сәуле Әбединоваға аталған қорға мүшелікке өтуге кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар