Алматыда алдағы жылдары қандай нысандар бой көтереді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар жайлы және абаттандырылған аудандарда тұратын болады. Бұл туралы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында Сапар Нұрашев жаңа нысандар салу және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлары туралы айтты. Ведомство тарапынан 102 жоба әзірленіп, оның 27-сі бойынша сараптама қорытындысы алынған.

«Жас Қанат» шағынауданында 6 көппәтерлі тұрғын үй, «Нұркент» және «Шұғыла» шағынаудандарында инновациялық шығармашылық орталықтары, сондай-ақ «Зерделі» шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіптік-техникалық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұлардан өзге, №9, 15, 80, 122, 131, 141 мектептерін, «Білім-инновация» мектебін сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, «Ақжар» шағынауданында 320 орындық және «Айнабұлақ-4», «Саялы-2» шағынаудандарында әрқайсысы 160 орындық үш балабақша салынады», - деді басқарма басшысы.

Жайлы қалалық орта басқармасының жоспарында №70 бөбекжай-балабақша мен Стахановский көшесіндегі балабақшаны сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жұмыстары тұр.

Спикер 30 көппәтерлі тұрғын үй мен 18 денсаулық сақтау нысанынан тұратын 48 жоба қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Келесі жылға біз «Қалқаман-2» ТК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Жобаға сәйкес осы қала құрылысы торабында бес қабатты 20 үй салу көзделген. 160 орындық балабақшаның жобасы әзірленуде», - деді Сапар Нұрашев.

Болашақта 2023-2024 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар ірі жобаны іске асыру жоспарда. Бұл жобаларға төрт емдеу мекемесі, үш емхана, сегіз отбасылық-дәрігерлік амбулатория кіреді.

Бүгінде барлық жоба жобалау кезеңінде.


Соңғы жаңалықтар