Алматыда алаяқ кезексіз үй алып беремін деп тұрғындардан 50 млн теңге алған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда пәтерге мұқтаж жандарға мемлекеттік бағдарлама бойынша кезексіз баспана әперем деп елді арбаған алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Бостандық ауданының полицейлері 33 жастағы алаяқ әйелді ұстады. Ол алматылықтардың сеніміне кіріп, ірі көлемде қаржы алып отырған.

«Әйел аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Ол 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Бостандық ауданында жоспарланған қылмыстық схемаға сәйкес әрекет жасаған. Алматы қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасы мен азаматтар арасында делдал болып көрінген. Тұрғындардың сеніміне кіріп, азаматтарға мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беремін деп, қомақты сомада қаржыларын иемденіп кетіп жүрген», - дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Күдікті Ж. 1986 жылы туған. Ол жалған құжаттар арқылы қалалық және аудандық әкімдікке кіріп жүрген. Сол жерде баспана мәселесімен жүрген адамдарды сөзге тартып, үй алып беремін деп сендірген. Құрбандарына қолындағы жалған құжатын көрсетіп, делдал арқылы үйдің мәселесін екі-үш күнде шешеміз деп уәде берген. Ол өзінің қызметі үшін қомақты қаражат сұраған. Алаяқтың сөзіне сенгендер қолдарындағы бар ақшаларын оған ұстата салған. Бүгінде күдікті азаматтарға 50 млн. теңге көлемінде материалдық шығын келтіргендігі анықталып отыр.

«Қазір күдікті Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК 190 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция, оның осыған ұқсас басқада қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде», - дейді Өтебаев.

Соңғы жаңалықтар