Алматыда алаяқ әйел арзан азық-түлік жеткізіп беремін деп жұртты алдаған

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 33 жастағы алаяқ келіншек халықты алдап, 35 млн теңгені қолды еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлім еткендей, күдікті жергілікті тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етемін деп алдап соққан.

«Алматылық 33 жастағы әйелдің азық-түлікті базардан төмен бағамен жеткіземін деген желеумен ірі көлемде ақша алғаны анықталды. Қазіргі уақытта келтірілген материалдық шығын 35 млн теңгеден асады», - деп жазды Рустам Әбдірахманов өзінің Instagram -дағы парақшасында.

Қазіргі таңда ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

1989 жылы туған әйелге қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

«Бүгінгі күні күдіктінің қала аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», - деп толықтырды полиция өкілі.


Соңғы жаңалықтар