Алматыда ақылы автотұрақтар қаланың меншігіне қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% мөлшеріндегі үлесін және «Alan Parking» ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс түсті. Осылайша, ақылы автотұрақтар қаланың коммуналдық меншігіне өз еркімен қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда көрсетілген компаниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдады. Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен бүкіл кіріс ағымдағы жылдың 25 сәуірінен бастап қала бюджетіне бағытталады»,-деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қаланың тұрақ аймағын ұйымдастыру жөнінде бірыңғай оператор құру бойынша жұмысты бастады.

Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімін, сондай-ақ монополияға қарсы органдармен келісу қажеттілігін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылады.

«Алматы тұрғындарының шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданады. Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін ақылы тұрақтардан түсетін түсімдерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, жинақталған проблемаларды шешу үшін қалада көп деңгейлі тұрақтар салу басымдыққа ие болады».- деп атап өтті қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Alan Parking» ЖШС директоры Мұхтар Базарбаев екі айға қамауға алынған болатын.

Сонымен қатар, «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Принбеков та қамауда отыр.

Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды және бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді.

Жоғарыда аталған компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңге болды.


Соңғы жаңалықтар