Алматыда ақылы автотұрақтар 2016 жылдың көктеміне дейін жабылуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ақылы автотұрақтар 2016 жылдың мамыр айына дейін жабылуы мүмкін. Мұндай ұсыныс «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңесінің отырысы барысында көтерілді.

Айта кету керек, қаладағы ақылы автотұрақтардың жұмысы «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңес төрғасының орынбасары Борис Джапаров басқарған жұмыс тобымен тыңғылықты зерттелді.

Қоғамдық кеңес мүшелері ұзақ мерзімді зерттеуден соң Алматыда автокөлікке арналған тұрақ жеткілікті деген қорытындыға келді. Алайда, сол аймақтардың иесі тұрақты рационалды пайдаланып отырған жоқ.

«Қатаң қадағалаудың жоқтығынан тұраққа бөлінген жердің иелері келісімде көрсетілген шарттарды орындап жатқан жоқ. Көпдеңгейлі паркингтің орнына бизнес-орталықтар салынып жатыр. Көптеген учаскелер арнайы жабдықталмаған. Алматы қаласының әкімдігі учаскелерді 49 жылдан 100 жылға дейінгі мерзімге бөлгенін ескерсек, уақытша меншік иелері деген түсінік ақылға сыймайды», - деді Борис Джапаров.

Бағалаудың қорытындысына сәйкес 42 автотұрақтан 1 сағат көлемінде 305500 теңге көлемінде түсім түсуі керек. Көліктердің бір күнде 4 рет ауысатынын ескерсек, 1 тәуліктегі түсім 1 222 000 теңге, бір жылдағы түсім 446 030 000 теңге түсуі тиіс. Алайда, бұл соманың қаншасы мемлекет қазынасына түсіп жатыр? Бұл сұрақ әлі де зерттеуді талап етеді.

Борис Джапаров қаладағы автотұрақтардың жұмысын құқықтық тұрғыдан бекіту үшін жаңа ұйымдастыру-техникалық жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

Жиын соңында қала әкімдігі мен мәслихатына ақылы автотұрақтарды 2016 жылдың мамырына дейін жабу ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар