Алматыда ақша айырбастау пунктінен жарылғыш зат табылмады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ақша айырбастау пунктіне жарылғыш зат қойылды деген хабар жалған болып шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек айтты.

«Қазір аталған ғимарат қалалық полицияның арнайы тобымен толық тексерілді. Тексеру барысында жарылғыш зат табылмады. Бұл дерек бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Егер жалған ақпарат таратқан адам анықталса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай жағдай Алматыда жыл басынан бері бірінші рет тіркеліп отыр.

«Өткен жылы бомба қойылғаны туралы жалған хабар айтқан 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын», - деді С.Әзірбек.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы ТЖД кезекші пунктіне Достық пен Қажымұқан көшелерінің қиылысындағы ақша айырбастау пунктіне жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат келіп түскен болатын.

Хабар келісімен оқиға орнына қалалық ТЖ қызметінің, ІІД, ҰҚК өкілдері аттанған еді.

Соңғы жаңалықтар