Алматыда АИТВ жұқтыру оқиғасы: Орталық аурухананың бас дәрігері жұмыстан шеттетілді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев 3 науқастан адамның иммундық тапшылық вирусын жұқтыруына байланысты жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков Орталық қалалық клиникалық ауруханада медициналық көмек көрсету алгоритмі сақталғанын, жүйелік бұзушылықтар болмағанын айтты. Алайда науқастардың жұқтыру фактісі адам факторымен, атап айтқанда мейірбике персоналының жеке қызметкерлерінің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзуымен байланысты.

«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, комиссия қорытындылары негізінде Басқарма шешім қабылдады: ҚР Еңбек кодексінің 48-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Табынбаев жұмыстан шеттетілді», - деді ол.

Сонымен қатар ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасының негізінде эпидемиология бойынша бас дәрігер орынбасары, реанимация меңгерушісі, стационардың бас медбикесі және реанимация бөлімшесінің аға медбикесі жағымсыз себепке қатысты жұмыстан шығарылғанын айтты.

Комиссия жұмысының қорытындысы бар анықтама материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау және әрбір жауапты тұлғаның жауапкершілік шарасын одан әрі айқындау үшін қалалық Полиция департаментіне жіберілді.

«Қазір АИТВ инфекциясын жұқтырған үш науқас ЖИТС орталығына тіркелді, жеке емдеу режимі бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді. Оларға жергілікті бюджет есебінен барлық қажетті медициналық-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков.

Еске салайық, осы жылдың маусым айында Алматы орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталған болатын.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі АИТВ жұқтырған үш науқаспен байланыста болған 593 адам тексеріліп жатқанын мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар