Алматыда АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша эпидемиологиялық тексеру аяқталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттері, Алматы қаласы комитеттерінің аумақтық департаменттері мамандарының қатысуымен үш пациенттің АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша эпидемиологиялық тексеру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Эпидемиологиялық тексеру барысында 745 адам тексерілді. Олардың ішінде 118 қан доноры және оның компоненттері, 231 медицина қызметкері, 396 пациент бірлесіп стационарлық ем қабылдаған немесе осы бағыт бойынша медициналық ұйымдарға жүгінген. Барлық талдаулардың нәтижелері – теріс», - деді Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Оның айтуынша, эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі бойынша комиссия мүшелері ОКҚА үш пациентінің жұқтыру фактісі, ең әуелі адами фактормен, атап айтқанда, орта медициналық персоналдың жекелеген қызметкерлерінің инвазивті манипуляциялар жүргізу кезінде операциялық рәсімдер стандарттарын бұзуымен және олардың қызметіне бақылаудың болмауымен байланысты деген қорытындыға келді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жүйелі бұзушылықтары анықталған жоқ. 2023 жылдың 6 айында қала стационарларында 147 736 адам медициналық көмек алды, оның ішінде реанимациялық көмек – 14 650 пациент, медициналық көмек көрсету кезінде пациенттердің жұқтыру фактілері анықталған жоқ.

«Қазір АИТВ инфекциясы анықталған үш пациент ЖИТС орталығына диспансерлік есепке қойылды. Емдеудің жеке схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді. Оларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі», - дейді ол.

Бұған дейін Алматы орталық ауруханасының басшысы Нариман Табынбаев қызметінен босатылғаны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар