Алматыда ағайындылар нағашысына бауырын кесіп берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұңғыш рет екі адамнан бір адамға бауырдың бөліктері салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлесі мен жиені өзінің нағашы ағасына бауырының бір бөлігін берген. Бірегей ота Dual Graft технологиясы бойынша екі донордан бір мезетте бір пациентке ауыстырылды.

Мұндай ота Қазақстанда, ТМД территориясында бірінші рет жасалып отыр.

«Бұл ота техникалық тұрғыдан өте күрделі. 15 сағатқа созылды. Бақытымызға орай ота сәтті өтті. Қазір екі донор пациент үйлеріне жіберілді. Ал бауыр салынған азамат қазір ауруханада жатыр. Жағдайы бірқалыпты жақсы»,- деді А.Сызғанов атындағы ҰҒХО АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.

15 сағатқа созылған отаны аталған орталық пен «Асан» кәріс хирургия емханасының дәрігерлері бірлесіп жасады.

37 жастағы пациент Нұркен Сейітқұловқа «бауыр циррозы» диагнозы қойылған. 3 жылдан бері есепте тұрған. Соңғы жылдары бауырының ауруы үдеп, трансплантацияға мұқтаждық туған.

«Мен өзімнің ауруым жайлы 3 жыл бұрын білдім. Толық тексеруден соң маған бауыр ауыстыру керектігі айтылды. Үлкен отбасынан шыққанбыз. Анамның 9 сіңлісі бар. Олардан 54 бөле тараған. Туыстарымыздың көпшілігі донор болуға келісті. Бірақ, олардың ішінде мына екі баланың ғана бауырлары сәйкес келді. Бірінші - Аллаға, екінші дәрігерлерге алғысымды айтамын. Соның арқасында мен толыққанды өмір сүретін болдым», - деді 37 жастағы Нұркен Сейітқұлов.

Бөлесі мен жиені бауырын нағашысына ойланбастан бергенін айтты.

«Отбасымыздың шеңберінде талқыланды, әрине. Донорлықтан бас тарту туралы ой болған жоқ. Ең бастысы ағамыз қасымызда. Дені сау», - деді жиені Үдекей Оразбек.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай оталар көп жағдайда түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін.

Себебі донорларда бауырдың 70 пайызы ғана қалады. Олардың ағзасында бауыр жетіспеушілігі болуы мүмкін.

«Бауыр терминалды ауруына шалдыққан адамдар үшін трансплантация - тығырықтан шығатын жалғыз жол. Қазақстанда бауырың 90 пайызы тірі донорлардан алынады. Қайтыс болған адамнан донорлық орган алу бізде менталитетімізге жат нәрсе. Әлемде тірі екі донордан бауыр ауыстыру Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Тайвань, Франция елдерінде жасалады. Біздің ел осындай ота жасаған алтыншы ел»,- деді басқарма төрағасы.

Қазақстанда 2019 жылғы дерекке сенсек, 282 бауыр ауыстырылған. Олардың 47-сі ғана қайтыс болған адамнан алынды. А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында былтыр 22 бауыр тірі донордан алынды.

Соңғы екі жылда 20 баланың бауыры ауыстырылды.

Ал күтім парағында 332 пациент өз кезегін күтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар