Алматыда әдеби «ОСКАР» сыйлығы табыс етілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматыда тәуелсіз «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушылар қазіргі заман әдебиетінің, кітап нарығының дамуына үлес қосқан жандарға арнайы сыйлық табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтын қалам» әдеби сыйлығын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Кенже Жұман әдеби «Оскарға» лайық деп танылған адамдар қалай іріктелгенін айтты.

«Алтын қалам» әдеби байқауын біз 2017 жылы 6-шы рет өткіздік. Келесі байқауға дейін жұрттың назарын әдебиетке бұру үшін тағы да қосымша шаралар ұйымдастыруды жөн көріп, осы әдеби «Оскарды» ойластырдық. Мақсатымыз - 2017 жылды қорытындылау. 2017 жылы қандай кітап, қандай баспагер, қандай меценат әдебиеттің дамуына үлес қосты, соны анықтап, марапаттағымыз келді. Біз үздіктерді таңдау үшін әлеуметтанушылардың қызметіне жүгіндік. Олар қаңтар айы бойы сараптама жасап, ең үздіктерді анықтап берді. 5 аталым бойынша 5 тұлғаны әдеби «Оскарға» лайық деп таптық», - деді Кенже Жұман.

Әдеби «Оскар» 5 аталым бойынша 5 адамға табыс етілді. Оны «Алтын қалам» ұйымдастыру комитетінің мүшелері: Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Нұржан Жалауқызы, Досым Сәтпаев, Қуат Домбай сынды әр саланың белгілі мамандары іріктеген. Сонымен, 2017 жылдың ең үздік «Жыл баспагері» сыйлығына Мереке Құлкенов лайықты деп танылды. Сондай-ақ, «Жылдың әдеби дебюті» аталымы бойынша «Чёрная кровь Казахстана. Нефтяная история независимости» кітабының авторы Олег Червинский марапатталса, оқырман таңдауы бойынша үздік кітапқа арналған «Кітап лайк» аталымына Зира Наурызбаеваның «Четыре облака» кітабы, «Жылдың үздік меценаты» сыйлығына кәсіпкер Бауыржан Оспанов лайық деп танылды. Сонымен қатар, саясаттанушы Ерлан Қариннің америкалық сарапшы Джейкоб Зеннмен бірлесіп жазған «Между ИГИЛ - Аль-Каидой: Центральноазиатские боевики в сириской войне» кітабы «Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап» аталымы бойынша оқырман үшін маңызды кітап деп аталды.

null 

Әдеби сыйлыққа «Оскар» мүсіншелерін мүгедек балалар әзірлеген.

«Жеңімпаздарға тапсырылған мүсіншелер «Эльдани» қайырымдылық қорының «Сәндік қолданбалы өнер шеберханасында» жасалған. Бұл шеберханада 1-ші, 2-ші топтағы мүгедек 15 шебер жұмыс атқарады. Аталған қор балаларды оңалтумен айналысады. Балалардың қолынан шыққан бұйымдарға 2009 жылы ең бірінші тапсырыс бергенімде олар қатты қуанған болатын. Балалармен тағы да әріптес болғанымызға қуаныштымыз. Олар біздің тапсырысымызбен осындай мүсіншелерді жасады», - деді Қуат Домбай.

null 

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Қуат Домбайдың айтуынша, әдеби «Оскар» енді жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.

Соңғы жаңалықтар