Алматыда адам саудасы мәселесіне қатысты арнайы баяндаманың таныстырылымы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында азаматтардың және өзге де адамдардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек, азаматтық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты арнайы талдамалық баяндамасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, Алматы қаласының биліктің атқарушы, өкілетті және сот тармақтарының өкілдері, құқықтанушы ғалымдар, Қазақстанда аккредиттелген халықаралық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының, адвокатураның, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымовтың құттықтау сөзінен соң, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов сөз алды. Өз сөзінде ол таныстырылып отырған баяндаманың маңыздылығына тоқталды.

- Бүгін біз таныстырып отырған Арнайы талдамалық баяндама Мемлекет басшысының, халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алып, Қазақстандағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы миссиясының техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке таралыммен басылып шыққан. Жалпы, үлкен жұмыстар жасалды. Біздің сарапшылар шетелдің тәжірибесін зерттеді, - деді Игорь Рогов. Өз сөзінде ол мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы күрес саласындағы дағдарыс орталықтарымен және Қазақстанда уақытша жүріп-тұратын, Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтудың маңызы зор екенін айтты.

Орталық Азиядағы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы үйлестірушісінің міндетін атқарушы Евгений Хонның айтуынша, Орталық Азиядағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы Қазақстан Үкіметімен бірлесе 2002 жылдан бері жұмыс істеп, өз көмегін көрсетіп келеді. «Осы уақыт ішінде үлкен жетістіктерге қол жетті. Алайда, бұл жетістіктерге қарамастан, әлі шешімін күтіп жатқан мәселелер көп. Солардың бірі – адам саудасы. Осы орайда, бүгінгі жиын барлық мүдделі тараптардың баяндамадағы ұсынымдарды бірлесе іске асырудың сәтті мысалы деп ойлаймын»,- деді ол.

Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов жиында көтеріліп отырған мәселенің өзекті екенін айта келе, полиция департаментінде заңсыз көші-қон мен адам саудасы фактілерін болырмау үшін мәселе мұқият бақылауда екенін жеткізді.

Баяндама таныстырылымына арналған жиынның 2-ші бөлімінде комиссия мүшелері мен сарапшылары Тастемір Әбішев, Виталий Воронов, Зүлфия Байсақова, Салтанат Сыздықова, Әлия Белоносова және Жұмажан Жолдасбеков баяндаманыің негізгі ережелерімен таныстырды.

Таныстырылым барысында баяндамада Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына сәйкес қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен барлық санаттағы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасына салыстырмалы талдау; уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін бағалау; Конституция нормалары мен халықаралық стандарттарға сәйкес адам саудасы құрбандарының азаматтық, әлеуметтік-экономикалық, еңбек және мәдени құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жөніндегі нақты қадамдар қамтылғаны атап өтілді.

Сонымен бірге, таныстырылымда сөз сөйлеген сарапшылар Адам құқықтары жөніндегі комиссияның арнайы баяндамасының ережелеріне жоғары баға беріп, оның ұсынымдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламенті іс жүзінде асыра бастағанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар