Алматыда адам өлтіргендер сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда адам өлтірген екі ер адам сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, төрт адам «Кеңсай-2» саяжайындағы үйде ішімдік ішіп отырған. Дастарханның соңында А.Жұмабеков пен Е.Бейсембин арасында жанжал шығып, А.Жұмабеков З.Джавашвили есімді танысының көмегімен Е.Бейсембинді сыртқа алып шығады.

Сол жерде екеуі Бейсембинді соққыға алып, кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақатынан тілге келмей көз жұмған Бейсембинді екі бөтелкелесі үйдің сыртына көміп тастайды. Ұялы телефонын, қалтасындағы 1000 теңгесін алған күдіктілер оның жеке куәлігін өртеп жіберген.

Қанды оқиғаға куә болған М.Базарбекова тергеушілерге сол күні 4 бөтелке арақ ішілгенін жеткізді.

Е.Бейсембинді ата-анасы 2014 жылдың жазынан бері көрмеген. Қылмыс бір жылдан соң ашылды. А.Жұмабеков жасаған қылмысын мойындап, полицияға өз еркімен келген.

Алматы ауданаралық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотының шешімімен Жұмабеков ҚР ҚК 96-бабының 2-бөлімімен, 177-бабының 2-бөлімімен, 324-бабының 2-бөлімімен айыпты деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның танысы, Грузия азаматы З.Джавашвили 14 жылға түрмеге қамалатын болды.

Ал, қылмыстық іске куә бола тұрып, құзырлы органдарға хабарламағаны үшін Базарбекова 1 жылға шартты жазаға кесілді.

Соңғы жаңалықтар