Алматыда «Әбу Ханифа» медресесінің жаңа ғимараты ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен Алматыда «Әбу Ханифа» медресесінің жаңа ғимараты ашылды. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы айтты. Салтанатты шараға Жетісу ауданының әкімі Талғат Көшенұлы, Алматы қаласы дін істері басқармасының басшысы Нұржан Бейсенбайұлы, дін қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қазақтың Абай Құнанбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев сынды тұлғалары ең әуелі сауатын медреседен ашқан. Бүгінгі шәкірт - ертеңгі ғалым. Бұл медреседен де еліміздің бірлігі мен имандылығына қызмет ететін тұлғалар шығатынына сенемін. Діни мамандарды өз елімізде дайындап, мешіттерге қызметке бөлеміз. Бүгінгі бейбіт заманда медресе ашып, шаттыққа бөленуіміз - тәуелсіздігіміздің, татулық пен тұрақтылығымыздың арқасы», - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. Аудан әкімі Талғат Көшенұлы медресе жұмысына сәттілік тілеп, шәкірттерге жан-жақты ілім ала берулеріне тілектестігін білдірді. Медресе директоры Құлмұхаммед қажы Маханбет сәні мен сәулеті жарасқан ғимараттың бой көтеруіне демеушілік жасаған дін жанашырларына лебізін жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады. Жаңа ғимаратта бір мезетте 70-тен астам шәкірт оқиды. Жатын бөлмелері, асхана, дәрісхана, арнайы үлкен залы, кітапханасы бар. Жалпы аумағы мың шаршы метрден асады. «Мұнда шәкірттер үшін жағдайдың бәрі жасалған. Тек енді олар оқуы керек», - дейді медресе директоры Құлмұхаммед қажы Маханбет.

Соңғы жаңалықтар