Алматыда Абай даңғылынан жоғары қарай салынатын үйлердің биіктігі 3 қабаттан аспауы керек
2022 жылғы 20 қаңтар 14:56

Алматыда Абай даңғылынан жоғары қарай салынатын үйлердің биіктігі 3 қабаттан аспауы керек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Абай даңғылынан жоғары қарай салынатын жаңа ғимараттардың биіктігіне, қабат санына шектеу қойылды. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімінің айтуынша, былтыр құрылыс ережелері қабылданып, тарихи орталықты сақтау мәселесі талқыланған.

Сондай-ақ, шенеуніктер осы аумақта салынуы мүмкін құрылыстың тығыздығы мен қабат санын белгілеген болатын.

«Құрылыс жүргізетін мердігер компанияларға мектеп, балабақша, басқа да инфрақұрылымды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін дайындадық. Дегенмен қоғамда жаңа және ескі тұрғын үй кешендерінің құрылысына қатысты әлі де талқыланатын мәселелер бар», - дейді Алматы әкімі.

Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев қаулы шығарды:

- меншік иелері 100 пайыз (жеке инвестор тарту қажет үйлерді қоспағанда) ескі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасын одан әрі іске асыру тек бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

- Абайдан жоғары әл-Фараби даңғылы мен Жандосов көшесіне дейінгі, Шығыс айналма жолынан Саин көшесіне дейінгі аумақта тұрғын үй ғимараттарының биіктігі шектелсін;

- табиғи беткейлеріне зиян келтіретін ТК салуға тыйым салу.

Сонымен қатар, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қазір Абай даңғылынан жоғары салынатын ғимараттардың биіктігін шектеу жобасы әзірленіп жатқанын мәлім етті.

«Шығыс айналма автомобиль жолының оңтүстігі, әл-Фараби даңғылы, Саин даңғылы, Жандосов көшесі (Саин даңғылынан қала шекарасына дейін). Аталған аудандағы ғимараттардың биіктігі үш қабаттан аспауы керек және денсаулық сақтау, білім, туризм және мәдениет саласындағы халықаралық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қоспағанда барлық типтегі ғимараттардың биіктігі жерден шатырдың ұшар басын қоса есептегенде максималды биіктігі 12 метрден аспауы тиіс», - деді ведомство өкілі.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT