Алматыда 95 жастағы қария коронавирусты жеңіп шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасында 95 жастағы қария COVID-19 вирусынан емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пациент түскенде тексеру барысында компьютерлік томография өкпенің 70% зақымдалғанын анықтап, екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозы қойылды.

95 жастағы пациентте көптеген ілеспе аурулары болған. Атап айтар болсақ, жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, артериялық гипертензия, ми қан тамырларының жас патологиясы, қан айналымының бұзылуы және үдемелі дисциркуляторлық энцефалопатия болған.

Науқас 18 күн бойы стационарда ем алды. Оның ішінде 8 күн науқасқа қосымша респираторлық қолдау көрсетілді.

«Сондай-ақ, тағы бір нәрсені айта кеткім келеді - адамның аурудан жазылуы оның ішкі жағдайына, оның өмір сүруге, отбасына, жақындарына оралуға деген ниетіне де байланысты. Бұл - біздің стационарымыздағы ең жасамыс науқас, ол коронавирусты жеңді», - дейді дәрігер-реаниматолог Бауыржан Сәрсембаев.

Ақсақал клиниканың барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, нағыз батырлар деп баға берді. Ақ халатты абзал жандарға бақыт, денсаулық және осы пандемиямен күресуде шыдамдылық тіледі.

Айта кету керек, кеше балалар жұқпалы ауруханасында туғанына 10 күн болған нәрестенің емделіп шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар