Алматыда «911»-дің аналогы бойынша Бірыңғай қызмет құрылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада қауіпсіздік пен байланыс инфрақұрылымын күшейту жұмыстары туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы оқиғалар қаладағы бейнебақылау аймағын ұлғайту бойынша жұмысымыздың дұрыстығын көрсетті. 2021 жылы 1 мыңнан астам камера, жол қауіпсіздігі үшін 2258 «Сергек» камерасы іске қосылды. Мектептерден 2620 камера және 4 мыңнан астам аула камерасы полицияның Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосылды», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Екі жыл ішінде Полиция департаментінің ЖБО-ға қосылған камералар саны 4 есе өскен.

Биыл Алатау, Наурызбай, Түрксіб, Жетісу және Медеу аудандарындағы көпшілік жиналатын жерлерде 3,5 мың камера қосылды, ал шалғай аудандарда 200-ге жуық «Сергек» кешені орнатылды.

Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өрт қауіпсіздігін арттыру үшін аз жабдықталған аудандарда жаңа деполарды жобалау мен салу жұмыстары басталмақ.

Қазіргі уақытта Аюсай және Ақсай өзендерінің шатқалдарында сел ұстайтын екі бөгет салынуда.

Жер сілкінісі қаупін алдын ала ескерту үшін 11 сейсмикалық станция мен 2 талдау пункті орнатылады.

«Тұрғындар төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керектігін білуі керек. Сондықтан жақын арада бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі ашылады. Ол - «911»-дің аналогы. Қазір жабдықтарды жөндеу және қызметкерлерді оқыту жүріп жатыр», - деп атап өтті әкім.

Сондай-ақ, қалада интернет пен мобильді байланыс мәселесін шешу үшін инвесторлар тартылған. Осының арқасында 500 км магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды, 1,8 мың км клиенттік кабель төселді.

Нұршашқан, Әлмерек, Қайрат, Достық, Алтын бесік, Тастыбұлақ, Таусамалы, Ақжар, Қалқаман-2, Шұғыла, Алғабас, Теректі ықшамаудандарына интернетке қосылу мүмкіндігі туды.

Биыл талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы жалғасады, оған 20 мыңнан астам абонент қосылатын болады.


Соңғы жаңалықтар