Алматыда 84 жаңа ғимарат коммуналдық меншікке берілді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері 84 жаңа ғимарат коммуналдық меншікке берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде қалалық мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абзал Егембердиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекет меншігіне берілген нысандар арасында мектептер, көпқабатты үйлер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар.

«1 қарашадағы жағдай бойынша қаланың коммуналдық меншігіне жаңадан салынған 84 жылжымайтын мүлік нысаны қабылданды. Оның арасында жаңа салынған 18 білім беру нысаны (оның ішінде мектептерге жалғанып салынған 14 жапсарлас құрылыс); 63 көппәтерлі тұрғын үй және 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар»,- деді ол.

Сонымен қатар, 99 жылжымайтын мүлік объектісі республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді.

«Республикалық меншіктен коммуналдық меншікке 99 жылжымайтын мүлік нысаны, бұл - 88 пәтер және мекен жай бойынша 11 жылжымайтын мүлік нысаны қабылданды. 7 сыйға тарту шарты бойынша 1 пәтер, 2 ғимарат, 3 футбол түріндегі ангар және бағдарламалық өнім қабылданды», - деп атап өтті Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасының басшысы.

Сондай-ақ брифингте 2022 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейін Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес жаңадан салынған 32 инженерлік нысан қаланың коммуналдық меншігіне қабылданғаны белгілі болды.

«Бұл тізімде су және кәріз желілері, құрылыс және автокөлік жолдарын реконструкциялау нысандары, сыртқы жарықтандыру, телефон желілері мен жол белгілері, жылу желілері, саябақ мүлкі және тағы басқалары бар»,- деді спикер.

Абзал Егембердиевтің айтуынша, 2019 жылдың 1 мамырынан бастап Алматы қаласы бойынша мемлекеттік сатып алудың жалғыз ұйымдастырушысы болып қалалық мемлекеттік активтер басқармасы тағайындалды.

«2022 жылдың 10 айында жалпы сомасы 254,6 млрд теңгеге 397 конкурс жарияланды. Сатып алудан түскен үнемдеу 7,8 млрд теңге болды»,- деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар