Алматыда 8 жыл бойы атқарусыз жатқан сот актісі орындалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 8 жыл бойы атқарусыз жатқан сот актісі орындалды. Прокурорлық ықпал ету шарасын қараудың нәтижесінде мемлекет пайдасына 7 606 124 теңге көлемінде тәркіленуге тиіс сома өндірілді.

Бұл туралы Медеу аудандық прокуратурасының өкілі Шыңғыс Рысалин айтты. Аталған іс 2006 жылдан бері созылып келеді.

Алматы тұрғыны Медеу аудандық сотының 2006 жылғы үкімімен ҚР ҚК 177-бабының 3-бөлімінің «а» тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеп 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Қылмыстық істі жүргізу барысында сотталушының екінші деңгейдегі банктердегі ақша салымдарына тыйым салынған еді.

2006 жылдың қазан айында азаматтың мүлкін тәркілеу жөніндегі сот үкімі орындау үшін Алматы қаласының соттар Әкімшісіне жолданған болатын.

Алайда, сот орындаушыларының өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының салдарынан атқару құжаты 8 жыл бойы орындаусыз жатқан.

Ал сотталушы жазасын өтеп болғаннан кейін, ақша салымдары әлі де тәркіленбегендігін біліп, тыйым салулардан босату туралы арызымен сотқа жүгінген.

«Алматы қаласының Медеу аудандық сотының шешімімен бұл азаматтың «Казкоммерцбанк» АҚ-на, «БТА Банк» АҚ-на және Алматы қаласының сот актілерін орындау Департаментіне қарсы банктегі ақша салымдарын тыйым салулардан босату туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Сонымен қатар, аудан прокуратурасының Медеу аудандық сотына атқару құжатын орындауға беруге арналған мерзімін қалпына келтіру жөнінде арызы қанағаттандырылды», - деді Шыңғыс Рысалин.

Кейін аудан прокуратурасымен Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау Департаментіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді.

Соңғы жаңалықтар