Алматыда 8 жаңа мектеп салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл 8 жаңа мектеп бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда жыл сайын білім беру саласына 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл 32 мың ұстаздың, тәрбиешілердің жалақысына бағытталады. Сондай-ақ, 221 мектеп, 182 балабақша, 20 колледждің жұмыс істеп тұруына бөлінеді», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Соңғы 3 жылда бюджет есебінен 8 мың балаға арнап 11 жаңа мектеп пен 9 балабақша салынды.

«Сонда да мектеп пен балабақшада орын тапшылығы бар. Қала халқы орта есеппен 50 мыңға өсіп келеді. Мектеп оқушыларының саны - 10-12 мыңға, мектепке дейінгі жастағы балалардың саны 5-7 мыңға өсіп келеді. Соның нәтижесінде көп мектепте орын жоқ», - деді әкім.

Мәселен «Рахат» шағын ауданындағы мектеп 90 оқушыға шақталған. Қазір онда 500 бала оқып жатыр. «Трудовик» шағын ауданындағы мектеп 100 оқушыға арнап ашылған. Қазір бұл ауданда мектеп жасындағы 900 бала бар. «Дархан» шағын ауданында бір де бір мектеп жоқ, бірақ 1 800 бала тұрып жатыр.

«Осыған байланысты Президент Жолдауы аясында 2022 жылға дейін 8 үлкен мектеп салынады. 6 мектеп - Алатау ауданында, қалғандары Әуезов және Наурызбай аудандарында салынады. Бұл мектептер бойынша жобалық құжаттама дайындалып жатыр. Балабақшалардан орын ашу үшін жекеменшік бақшаларға мемлекеттік тапсырыс беріліп жатыр. Осының арқасында 4 жылда 539 жекеменшік бақшада 18 мың орын ашылды. Бүлдіршіндердің 83% пайызы балабақшамен қамтылды. 3,5 мың жұмыс орын ашылды», - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, ірі құрылыс компаниялары биыл 270 орындық екі балабақша салып береді. Осылайша қалалық бюджеттен 3,5 млрд теңге үнемделді.

Соңғы жаңалықтар