Алматыда 8 мыңнан астам бала 36 спорт үйірмесіне тегін қатысады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 8 мыңнан астам бала 36 үйірмеге тегін қатысады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Онжан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бекжан Онжанның айтуынша, Алматының 8 ауданында 100 бос уақыт орталығы бар, онда 8 мыңнан астам адамды қамтитын тегін түрде 36 спорт үйірмесі жұмыс істейтінін мәлімдеді. «Жоба мақсаты – 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалар үшін бұқаралық қолжетімді спортты дамыту, олар кейіннен кәсіби спортқа көшуге мүмкіндік алады. Аталған бағдарламаға қатысушылар ішіндегі болашағы бар 60-тан астам бала Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қабылданды», - деді басқарма өкілі.

Ол Алматыда спорттың ойын түрлері бойынша тоғыз спорт клубы қаржыландырылатынын жеткізді. Олардың ішінде: «Буревестник Алматы» волейбол клубы, «Алматы» қыздар волейбол клубы, «Алматы» баскетбол клубы, «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы, «Алматы» хоккей клубы, «Азия Спорт» ҚҚ регби клубы, «Алматы» гандбол клубы, «Қайрат» ФК, «Қайрат» футзал академиясы бар.

Сонымен бірге, Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды орындау мақсатында кәсіби спорт клубтарын бұқаралық спортқа қайта бөле отырып, оларды күтіп ұстауға қаржы қарастырылған.

Спикер Алматы қаласы мен Республика құрама командаларына спорт резервін дайындау бойынша спорттың 78 түрінен 13 мыңнан астам спортшы дайындалып жатқанын атап өтті. Яғни, бүгінде Республиканың ұлттық құрамасына 906 алматылық спортшы кіреді. Оның ішінде, негізгі құрам – 135, жастар құрамы – 375, жасөспірімдер құрамы – 396 спортшы.


Соңғы жаңалықтар