Алматыда 8 мыңнан астам адам 50 мың теңге көлемінде көмек алады
2020 жылғы 13 қазан 18:27

Алматыда 8 мыңнан астам адам 50 мың теңге көлемінде көмек алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Birgemiz» қорынан 8 мыңнан астам алматылыққа 50 мың теңге көлемінде бірреттік төлем беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың қатарына аз қамтылған отбасылар, атап айтқанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар, I топтағы мүгедектер, II топтағы мүгедек зейнеткерлер (жасына байланысты зейнеткерлер), мүгедек балаға күтім жасайтын адамдар, ең төменгі немесе одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері және тұл жетімдер кірді.

«Алматыда аталған көмекті алушылардың басым бөлігін I топтағы мүгедектер, II топтағы мүгедек зейнеткерлер (жасы бойынша зейнеткерлер), дәлірек айтқанда 5209 адам, сондай-ақ ең төменгі немесе одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, шамамен 1 мың адамды құрады.Төлемдер екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғаның карточкалық немесе шотына немесе «Қазпошта» АҚ арқылы қолма-қол ақшасыз аудару жолымен жүзеге асырылады. Айта кету керек, материалдық көмекті аудару кезінде комиссия алынбайды, егер несиесі болған жағдайда, қаражат қарыз есебіне ұсталмайды»,– деді «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, төлемдер бұрын көмек көрсетілмеген азаматтарға ғана түсетін болады.

Жалпы пандемия басталғалы бері «Birgemiz» қорынан 50 мыңнан астам алматылық материалдық көмек алды.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT