Алматыда 8 көлдегі су деңгейін төмендету жұмыстары басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі 8 көлді босату жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы маңында 45 мореналық және мұздық көл орналасқан, олардың ішінде аса қауіптісі – 12. Алматы қаласының аумағында селмен күресудің ең тиімді әдісі - мореналық көлдерді босату бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу. Биыл Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі 8 көлді босату жұмыстары басталды»,-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта 8 көлде жұмысқа 90 адам кірісуге дайын. Бульдозерлер іске қосылады, эвакуациялық арналарды тазарту және тереңдету, сифон құбырларын орнату және монтаждау, сондай-ақ сорғы қондырғыларын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарда.

Осы мақсатта өнімділігі жоғары 9 дана сорғы, 2000 метр полиэтилен құбырлары дайындалды, олар 2019 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен сатып алынды.

«Мореналық көлдердің жай-күйіне бақылау жүргізу үшін тұрақты негізде жұмыс істейтін 9 бекетке қосымша – 12 биік таулы маусымдық бекеттер қойылған. Сел қаупі бар кезеңде барлығы 21 бекет жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, 2020 жылы 7 мореналық көлде ағызу каналдары арқылы, оларды тазарту және тереңдету жолымен, сондай-ақ сифон құбырларынан – 5,2 млн.м3 су тартып шығарылды»,-деп атап өтті ведомствадан.

Әлемдік тәжірибені ескере отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және «Smart-city» базасында әкімдіктің қолдауымен Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел қаупінің автоматтандырылған мониторингі жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2019 жылы бірінші кезеңді іске асыру шеңберінде Кіші және Үлкен Алматы өзендері бассейндерінің мореналық көлдерінде, бөгеттерінде, сел ошақтарында және өзен арналарында 10 станция салынды, сондай-ақ «Қазселденқорғау» АҚПТБ ММ және Алматы қаласының ТЖД бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленді және диспетчерлік орындар құрылды.

«Биыл қалған 21 станцияның құрылысын аяқтау жоспарда. Қаладағы сел қаупінің автоматтандырылған мониторинг жүйесі нақты уақыт режимінде гидрометеорологиялық жағдайды, мореналық көлдерді бақылауды қашықтықтан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алматы қаласындағы сел жағдайы ерекше бақылауда», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар