Алматыда 78 атыс қаруы жасырылған орын табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерінен ірі қару-жарақ әскери арсеналы тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция мен Алматы қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлері жүргізген іс-шара барысында қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталып, қамауға алынды. Олардың ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны белгілі болды.

«Кешенді жедел және арнайы іс-шаралар барысында олардың Алматы облысы аумағында бірнеше қаруды жасырғаны анықталды. Нәтижесінде екі «Калашников» автоматы (АКС), «Макаров» және «ТТ» жүйелерінің екі жауынгерлік тапаншасы, үш аңшылық карабин, екі тегіс ұңғылы винчестер, 13 кесілген аңшы мылтығы, 53 аңшы мылтығы, үш травматикалық тапанша, сондай-ақ, әртүрлі атыс қаруына арналған 200-ден астам оқ-дәрі табылды. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен екі жауынгерлік және төрт жарық шулы граната, төрт пышақ, екі портативті радиостанция, сондай-ақ, әртүрлі арнайы құралдар – оптикалық көздеуіштер, оқ өткізбейтін жиде, таяқша және т.б. тәркіленді. Соңғы қару-жарақ жасырылған орынды кеше ғана анықтадық», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Қазір «қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау» дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігінің нормаларына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәркіленген қару-жарақ арсеналы сараптамаға жіберілді, оның қорытындысы бойынша тәркіленген қару-жарақ пен оқ-дәрілердің шығу тегі және иесі анықталатын болады.


Соңғы жаңалықтар