Алматыда 770 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда балаларын түнгі уақытта қараусыз жіберген 770 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық полиция 28 шілде мен 3 тамыз аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық шарасын өткізген еді. Шара қорытындысы бойынша балаларын қараусыз жіберген 770 ата-ана ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 336-4 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту алды.

«Ішкі істер органдарына кәмелет жасына толмаған 1 мың 309 жеткіншек жеткізілді. Олардың ішінде 1 184 бала - әкімшілік құқықбұзушылыққа, 62 жасөспірім ұсақ бұзақылыққа барғандығы анықталды. Тексеру барысында базарларда, қоғамдық орындарда, ата анасының қарауынсыз жүрген 90 жасөспірім жастарды бейімдеу орталығына жеткізіліп, 71 жасөспірім есепке алынды. Баласын қадағалауды ұмытқан 79 тұрмысы төмен отбасы тіркелді», - деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының жасөспірімдер ісі бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаева.

Оның айтуынша, жүргізілген рейд қорытындысына сәйкес 36 ата-анаға қатысты ҚР ӘҚК 111-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазір аталған істер жасөспірімдер мәселесін қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар