Алматыда 70 шақырым жаңа жол салынады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жол-құрылыс жұмыстарының маусымы басталды. Оның барысында 224 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл мегаполистегі «Қайрат», «Әлмерек», «Алғабас», «Ақжар» және «Шаңырақ-1» шағын аудандарында 70 шақырым жаңа жол салынады.

Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қала жолдарының үлесін 86%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бүгінде мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау анықталып, аудандық маңыздағы көшелерде жол жөндеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар 6 көшеде – Абай даңғылы, «Ақсай-2» шағын ауданындағы Алданов, Ақтөбе, Семятов көшелеріндегі өтпелі жолдар, Айриха көшесі - жолдардың ұзындығы 5,9 км, бұларда жөндеу жұмыстары басталды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша Әл-Фараби даңғылын жөндеудің орнына «Шаңырақ-1», «Ақбұлақ» және «Тастыбұлақ» шағын аудандарындағы көшелер жөнделетін болады»,- деп нақтылады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, Шығыс айналма жолы, Саин, Рысқұлов, Райымбек, Сейфуллин даңғылдарында жөндеу жұмыстары оқу жылы аяқталғаннан кейін басталады.

Vision Zero тұжырымдамасына сәйкес орташа жөндеуді жүргізу аясында көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерде трапеция тәрізді жасанды кедергілерді, қауіпсіздік қақпақтарын, қауіпсіздік аралдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Сондай-ақ қаланың көше-жол желісінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 12 бригада, 28 арнайы техника, 96 қызметкер жұмылдырылды.

Магистралды көшелер мен апатты учаскелерде жалпы ауданы 15 мың шаршы метрден астам шұңқыр жабылады.

Айта кетейік, Алматыда Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары басталып кетті.

Соңғы жаңалықтар