Алматыда 70 полицей қызмет барысында қаза тапқан – оларға ескерткіш орнатылды
Әуезов аудандық полиция басқармасында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер, полиция қызметкерлері, сондай-ақ, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың әйелі қатысты.
«Тәуелсіздік жылдарында Алматы полициясының 70 қызметкері қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты, олардың 32-сі қылмыспен бітіспес күресте. Бесеуі Әуезов аудандық Полиция басқармасында қызмет етті. Олардың адалдығы мен ерлігі тарихта қалады, барлық уақытта заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде үлгілі қызмет көрсетудің үлгісі болады және ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады. Батырлардың есімдері біздің жүрегімізде және жадымызда мәңгі сақталады», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Сонымен қатар, департамент басшысы ерлікпен қаза тапқан тағы бір полицейдің отбасына барды. Полиция қызметкері Мақсат Дабылов 2011 жылдың қарашасында қылмыскерлер-деструктивті діни ағым ұстанушыларының заңсыз әрекеттерін тоқтату кезінде қаза тапты.