Алматыда 70-ке жуық адамға заңсыз жер сатқандар сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 70-ке жуық адамға заңсыз жер сатқан қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қалалық Полиция департаментінен мәлім еткендей, сот алдында «Каменский» газ өңдеу зауытының бұрынғы қызметкерлері У.Мамутбаев, А.Нұршабаев, С.Кұлжабаев және К. Жәкежанов жауап берді.

«Наурызбай ауданында заңсыз жер саудасымен айналысып келген аталмыш қылмыстық топ әлеуметтік ахуалды бақылау кезінде анықталды. Алаяқтар «Каменский» ГӨЗ-ге тиесілі «10-12 сотық» жер учаскелерін алуға қолғабыс ету үшін өздерінің туыстарынан, достарынан, көршілері мен таныстарынан (70-ке жуық адам) ақша қаражаттарын (10 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейін) алып келген. Олар жерлерді заңдастыру үшін территорияны жаппай басып алу акцияларын ұйымдастырған. Сондай-ақ түрлі қарсылық шараларына итермелеген. Нәтижесінде, аталған аумақта 180 үй заңсыз бой көтерген», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Одан бөлек, топ мүшелері мемлекетік органдарды жерлерді заңдастырудан негізсіз бас тартты деп айыптап, қоғам назарын өздеріне аудартпақ болған. Бірнеше рет қарсылық акцияларын ұйымдастырған. Онымен қоса, заңсыз құрылыстарды сүру кезінде топ мүшелері билік органдарына қарсылық көрсетіп, тіпті, өз-өздерін жағып жіберумен қорқытқан.

Наурызбай аудандық соты Жәкежановты ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сот Жәкежановтан алданып қалған адамдар пайдасына 60 млн теңге өндіруді үкім етті.

Ал Мамутбаев ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, сот оны 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім етті.

Сонымен қатар, Мамутбаевтан жәбірленуші Жұмашевтың пайдасына материалдық шығын ретінде 3 млн теңге, сот шығындары үшін 35 655 теңге  өндіріп алу туралы шешім шығарды.

 

Соңғы жаңалықтар