Алматыда 7 балдық жасанды жер сілкінісі ұйымдастырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда құтқарушылардың жұмысын пысықтау мақсатында «Қызыл жарты ай» қоғамының территориясында 7 балдық жасанды жер сілкінісі ұйымдастырылды.

Қазақстандағы «Қызыл Жарты ай» қоғамының мамандары фургонның ішін пәтер сияқты жабдықтап, зілзала кезінде жасалуы тиіс бірнеше әрекетті көрсетті.

Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте үйдегі жиһазды мықтап бекіту керек.

«Адамдар жердің сілкінгенінен емес, үйдегі ауыр заттардың құлауынан зардап шегеді. Сондықтан, шкаф, картина сияқы ауыр заттарды жатын орыннан алыс қою керек. Жалпы, жиһазды орналастыруда осының бәрі ескерілуі керек», - деді Қазақстандағы «Қызыл Жарты ай» қоғамының бапкері Ләззат Ибрагимова.

Маманның сейсмологиялық тұрғыдан қауіпті аудандарда тұратын адамдарға азық-түлік пен бірінші қажет болатын құрал-жабдықтар салынған сөмкені әзірлеп қоюға кеңес берді.

Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күніне орай бүгін ұйымдастырылған шараға ТЖ қызметкерлері, гуманитарлық мандаты бар БҰҰ агенттігі, америкалық Қызыл Крест, Орта Азиядағы гуманитарлық көмек пен азаматтық қорғаныс бойынша Еуропа комиссиясы қатысты.

«Гуманитарлық қалашық» акциясы қаламызда бірінші рет өтіп жатыр. Бұл өзгенің өмірі үшін өз өмірін құрбан ете отырып, қауіпті аудандарда жұмыс істейтін адамдарға деген құрметіміз. Біздің қоғамымыз тәуелсіздік алғалы бері жүздеген вагонға жүк болған киімдер, ыстық ас, тонналаған азық-түлік ретінде көрініс тапқан құны 5 млрд. теңге болатын гуманитарлық көмек көрсеткен», - деді Қазақстандағы «Қызыл Жарты ай» қоғамының президенті Еркебек Арғымбаев.

Соңғы жаңалықтар