Алматыда 661 иесіз электр желісі қала меншігіне өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімінің тапсырмасымен қаладағы иесіз жатқан электр желілері қаланың иелігіне беріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Алматы қалалық мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев онлайн брифинг барысында айтты. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 661 нысан қабылданған.

«Осы мақсатта биылғы жылы «Алатау жарық компаниясы» АҚ-на 117электр желісінің нысаны берілді. 2019 жылы «АЖК» АҚ-на электр желілері мен жабдықтарының 544 нысаны тапсырылды. Барлығы екі жылда 661 нысан өтті. Бұл шаралар қала тұрғындарына сапалы коммуналдық қызметті алуға, тарифтердің төмендеуіне және жалпықалалық тарифтермен теңестірілуіне алып келеді», - деп атап өтті Рүстем Әлиев.

Сонымен қатар, иесіз желілерді қала иелігіне беру коммуналдық қызметтерге төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, өйткені олар тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі коммуналдық апаттардың басты себептерінің бірі.

«Инженерлік желілерді иесіз деп тану рәсімі ҚР Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, аудандық әкімдіктер тұрғындардың өтініштерін жинайды, энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы мен коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен бірлесіп, қайталануды болдырмау мақсатында иесіз объектілердің тізбесі дайындалады. Бұдан әрі иесіз объектілердің тізбесі мемлекеттік активтер басқармасына жіберіледі, басқарма өз кезегінде объектілерді иесіз деп тану шарасын бастайды»,– деді ол.


Соңғы жаңалықтар