Алматыда 61 сауда дүкені әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсірген

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде Алматыда бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымовтың айтуынша, мұндай жұмыстар 1 773 үй жанындағы дүкенде жүргізілді.

«Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасын орындай отырып, қала әкімдігі аудандық әкімдіктермен және «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірлесіп күн сайын «үй жанындағы» 1 773 дүкенде ӘМАТ бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша мониторинг жүргізеді, бұл жалпы санының жартысына жуығын құрайды. Мониторинг қорытындысы бойынша 7 ауданның (Түрксіб ауданынан басқа) 61 дүкенінде ӘМАТ бағасының негізсіз өсу фактілері анықталды»,- деді Мақсат Қиқымов.

Оның айтуынша, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде азық-түлік тауарларының келесі түрлерінің бағасы төмендеді: күнбағыс майы 15%-ға (920-дан 780 тг/л); сүт өнімдері 5%-ға (айран 315-тен 300 тг/л, сүт 295-тен 280 тг/л); әлеуметтік нан 10%-ға (100-ден 90 тг/л); 1 сұрыпты ұн 10,2%-ға (245-тен 220 тг/кг-ға дейін); 6,2% (490-дан 460 тг/ондыққа дейін); қант 5,7%-ға (350-ден 330 тг/кг-ға дейін).

Қалған 1 810 дүкенде жұмыс ағымдағы жылдың қаңтар айының соңына дейін жүргізіледі, мониторинг бойынша жұмыс тұрақты негізде жалғасады.

Айта кетейік, Алматыда В, С класты барлығы 3 583 азық-түлік дүкені жұмыс істейді: Алатау ауданында – 500 дүкен, Алмалы ауданында – 395, Әуезов ауданында – 605, Бостандық ауданында – 488, Жетісу ауданында – 400, Медеу ауданында – 325, Наурызбай ауданында – 350, Түрксіб ауданында – 525 дүкен.


Соңғы жаңалықтар