Алматыда 6 үздік медбике марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 12 мамыр халықаралық медбикелер күніне орай салтанатты шара болып өтті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова мемлекеттік медициналық мекемелерде қызмет етіп жүрген 6 медбикені «Еңбегі үшін» арнайы дипломдарымен марапаттады. Оларға IPad планшеттері сыйға тартылды.

«Бүгінде Алматы қаласында 16 мың орта медициналық білімі бар маман, олардың ішінде 11 мың медбике қызмет етуде. Мұндай «қалың қол» біздің қаламыздың көрсетілетін медициналық қызмет бойынша 16-орыннан 7-орынға көтерілуіне жағдай жасап отыр. Қазір медбике мамандығының маңызы өте ерекше. Олар - дәрігер мен науқас арасындағы мейірімді дәнекер. Олардың ерен еңбегінсіз біздің жұмыс істеуіміз мүмкін емес. Медициналық жұмыстың 80 пайызы медбикелердің еншісінде», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Қасымжанова.

Шара барысында медбикелерді мерейлі мейрамымен құттықтауға қала әкімінің орынбасары, 10 мың ананы босандырып, 3 мың ота жасаған, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Зәуреш Аманжолова да келді.

Жамбыл атындағы филармонияның концерттік залында өткен шараға эстрада жұлдыздары қатысып, ән мен күйден шашу шашты.

Салтанатты шара басталар бұрын қала жастарының қатысуымен «қолыңды жу» флеш-мобы ұйымдастырылғанын да айта кету керек.

Соңғы жаңалықтар