Алматыда 54 млн теңгені жымқырмақ болған Камерун азаматтарына қатысты сот үкімі шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жалған ақша жасаймыз деп халықты алдаған Камерун азаматтарына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет айтты.

Олар Қазақстан Республикасының азаматтарына өздерін кәсіпкер-туристер ретінде таныстырып алдау арқылы сенімге кіріп, бөтен мүлікті ұрлау мақсатында өзара қылмыстық топ құрды деп айыпталған болатын.

«Сот Нгуну Тепонг Ону Пафе мен Нангу Нгуну Кристиан Семплисті ҚР ҚК 24-177 4, «б» тармағы бойынша (аса ірі көлемдегі алдау мен сеніміне кіру арқылы бөгденің затын ұрлау) айыпты деп тауып, әрқайсысын 6 жылға бас бостандықтарынан айыру туралы шешім шығарды», - деді Қ.Ешімет.

Естеріңізге сала кетейік, қалада жалған ақша жасаушылар пайда болды деген ақпарат қаржы полициясының құлағына жеткен. Осы сыбысты тексеру барысында Қаржы полициясы қызметкерлері жалған 100 долларлық қағаз ақша басамыз деп қала тұрғындарының сеніміне кірген Камерун азаматтарын ұстады. Олардың қылмыстық схемасы өзгеше болған.

«Алаяқтар ақ парақты шын ақшамен беттестіріп, иісі жағымсыз сұйық ерітіндіні құяды. Ол сұйықтықтың адамның ақыл-ойына, ойлау қабілетіне кері әсері бар екен. Келген адамдар басы ауырып шығып кеткенде, олар әкелген ақшаны алып тайып тұратын болған», - деді Жақсылық Жақыбаев.

Жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының арқасында олар қызметі үшін 300 мың АҚШ долларын, яғни 54 млн теңгені жымқырмақ болған кезде қолға түсті.

Аталған азаматтардың жалдап отырған пәтерінен ақ және қара түсті қағаздар қиындысы, ерітінді және өзге де құралдар анықталған.

Соңғы жаңалықтар