Алматыда 54 млн теңгені жымқырмақ болған Камерун азаматтары ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жалған ақша жасаймыз деп халықты алдаған Камерун азаматтары ұсталды. Бұл туралы қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жақсылық Жақыбаев айтты.

Баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, қалада жалған ақша жасаушылар пайда болды деген ақпарат қаржы полициясының құлағына жеткен. Осы сыбысты тексеру барысында Қаржы полициясы қызметкерлері жалған 100 долларлық қағаз ақша басамыз деп қала тұрғындарының сеніміне кірген Камерун азаматтарын ұстады. Олардың қылмыстық схемасы өзгеше болған.

«Алаяқтар ақ парақты шын ақшамен беттестіріп, иісі жағымсыз сұйық ерітіндіні құяды. Ол сұйықтықтың адамның ақыл-ойына, ойлау қабілетіне кері әсері бар екен. Келген адамдар басы ауырып шығып кеткенде, олар әкелген ақшаны алып тайып тұратын болған», - деді Жақсылық Жақыбаев.

Жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының арқасында олар қызметі үшін 300 мың АҚШ долларын, яғни 54 млн теңгені жымқырмақ болған кезде қолға түсті.

Аталған азаматтардың жалдап отырған пәтерінен ақ және қара түсті қағаздар қиындысы, ерітінді және өзге де құралдар анықталған. Бұл ерітінді қазір сараптамаға жіберілді.

Қазіргі таңда Алматы қалалық қаржы полициясының тергеу басқармасымен ҚР ҚК 24-177 4, «б» тармағы бойынша (аса ірі көлемдегі алдау мен сеніміне кіру арқылы бөгденің затын ұрлау) қылмыстық іс қозғалды.

«Осыған байланысты ұсталғандарға алданып, жапа шеккен азаматтар болса, қаржы полициясының «144» сенім телефонына болмаса ЭҚСЖД кезекші бөліміне (278-73-00) хабарласуларын сұраймыз», - деді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсыкүрес департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жақсылық Жақыбаев.

Соңғы жаңалықтар