Алматыда 5345 баланың ата-анасы туу туралы куәлікті SMS арқылы жасатқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда халыққа қызмет көрсету саласында заманауи цифрлық технологиялар қарқынды көрініс беріп келеді. Қазірдің өзінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұрынғыдай кезек пен айқай-шу жоқ, адам аяғы саябырсып қалған.

Мұның барлығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ біріге отырып жасаған бірнеше пилоттық жобаның арқасында жүзеге асып отыр. Азаматтар мен мемлекеттің арасындағы қатынасты реттеудегі цифрлық жетістіктер туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының менеджері Жаңыл Әпетова айтып берді.

Бүгінде баласына куәлік немесе жөргекпұл алу үшін меморгандардың табалдырығын тоздыру жас аналарға қиындық туғызары сөзсіз. Осы орайда былтырдан бастап сәбилі болған  ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Содан бергі уақытта республика бойынша 100 мыңнан аса жас босанған ана арнайы SMS арқылы нәрестесін тіркеу қызметін пайдаланған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының менеджері Жаңыл Әпетованың айтуынша, жаңа босанған анаға автоматты түрде оның сәбиіне беретін аты-жөнін сұрап, арнайы хабарлама келеді.

«Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ, телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға,  сәбиді тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеуге болады», - деді Жаңыл Әпетова.

Сәбилі болған ата-ана куәлікті ХҚКО-дан алып кетсе болады. Тіпті үйге жеткізу қызметін пайдалануға да жағдай жасалған. Алайда, проактивті қызметке қол жеткізу үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет.

«Ол үшін азаматтар порталдағы жеке кабинетінде телефон нөмірін жеке сәйкестендіру нөміріне байланыстырып қоюы керек. Оны азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторын пайдаланып, қажет болған жағдайда оператордың кеңесіне жүгіну арқылы жасай алады», - деді маман.

23 жастағы жас ана Ақерке Сағитова 21 қазанда №2 перзентханада ұлды болды. Жас отбасының тұңғыш ұлы келесі күні-ақ Қазақстан азаматы болып шыға келді.

«Телефоныма құттықтау келді. Куәлікті СМС арқылы жасаттық. Келесі күні дайын болды деген соң жолдасым барып алып келді. Сөйтіп, Мирланым бір күн ішінде Қазақстан азаматы болып шыға келді. Өте ыңғайлы, ешқайда барып баламен кезек күткен жоқпыз», - дейді Ақерке Сағитова.

Елімізде биылғы 10 айда 100 мың ана проактивті қызмет жайлы смс-хабарламаға жауап берді. Оның 59 мыңы баланың туу туралы куәлігін рәсімдеді, 18 мың бала балабақша кезегіне қойылды,  11 мыңнан аса әйел екі түрлі әлеуметтік төлем алу үшін құжат рәсімдеді.

Ал Алматыда жарты жылда  11 013 баланың анасына СМС құттықтау келген, 5345 ана баласының куәлігін онлайн алған. 1883 бала балабақшаға кезекке тұрса, 870 отбасыға жәрдемақы тағайындалды.

Ал жыл басынан бергі 10 айда Алматыда 3 236 687 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 1 280 472 қызмет электронды форматта болды.

Сонымен қатар, осы жылдың мамыр айында қосылған телеграм-бот сервисі арқылы да мемлекеттік  қызметтерді алуға болады. «Ақпараттық технологиялар» АҚ іске қосқан бот арқылы 15 мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді. Бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан ХҚО туралы біліп, сондай-ақ бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі  бар. Басқаша айтқанда,  туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті.

Ол үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек.

Сосын алдын ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты қолданушының электронды поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған.

Бүгінде Қазақстанда телеграм-бот арқылы 3 мыңнан аса баланың туу туралы куәлігі рәсімделіп,1300 бала  балабақша кезегіне қойылды. 500-ден аса ана әлеуметтік төлем рәсімдеді.

Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы цифрландыру науқанын насихаттап, елдің сауатын ашуда барлық тәсілдерді қолға алған. Атап айтқанда, әлеуметтік желіде SMS арқылы проактивті қызметті пайдаланған ата-аналар арасында байқау жариялады. Ол үшін аналар  SMS арқылы балаңызды қалай тіркегеніңіз туралы пост жазуы, корпорацияны фотода белгілеуі, постқа #ПроактивтіПерзент хештегін қоюы керек. Корпорация ең қызықты посттарды таңдап, репост жасайды. Сондай-ақ, ең көп лүпіл жинаған пост авторына арнайы сыйлық беріледі.

Мемлекет басшысы өзінің 5 қазандағы Жолдауында Қазақстанда 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ын, 2020 жылы 90%-ын электронды форматқа көшіруді міндеттеген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар