Алматыда 500 жас сарбаз әскери ант қабылдады (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Мемлекеттік күзет қызметінің «Күз-2015» маусымы бойынша әскери борышын өтеуге шақырылған, Республикамыздың әр өңірінен іріктеліп алынған сарбаздардың салтанатты ант беру рәсімі өтті.

«Сіздер бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өмірлеріңізде үлкен қадам басып отырсыздар. Ел алдында, жұрт алдында ант қабылдап жатсыздар. Бүгінгі күн ерекше есте қалатын тарихи күн боп қалады. Сіздер бүгін ер деген, ел қорғаушы деген атаққа ие болып жатырсыздар. Халық алдында ата-ана сенімін адал, қызметтеріңізді мінсіз орындайды деп сенемін. Дүниежүзілік жағдайдың күрделі екендігін білесіздер. Лаңкестердің әрекеттері кесірінен халық тыныштығы бұзылып жатыр. Алған жолдарыңыздан таймай, Президент қауіпсіздігін қамтамасыз етіп алдағы 1 жылды абыроймен атқарасыздар деген сенімдемін», - деді ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал майор Күреңбаев Амантай.

Салтанатты шараға қатысқан Бауыржан Байбек жас сарбаздардың Отан қорғауда алға қойылған міндеті туралы айтып өтті.

«Біз бүгін өз тағдырын Отан қорғаумен байланыстырған азаматтардың мемлекеттік күзет қатарына алынуына байланысты жиналып тұрмыз. Енді сарбаздар Отан алдындағы конституциялық борышын өтеу үшін ант қабылдап, элиталық қорғау қызметіне кірісетін болады. Бүгінгі шара айрықша мән мен мағынаға ие. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткелі бері Елбасы саясаты арқасында қауіпсіздік күштері нығайтылу үстінде. Азаматтардың әскери міндетін орындауына барынша жағдай жасалған. Оларды әлеуметтік қамсыздандыруға, баспанамен қамтып, еңбекақы, зейнетақыны көтеру мәселесі оң шешімін табуда. ҚР Қарулы Күштері заманауи техникамен қару-жарақпен қамтылып, жоғары материалдық-техникалық базасы қалыптасты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, армия әрдайым сақадай сай болуы тиіс. Бұл - мемлекет қойып отырған міндет. Сарбаздар лайықты отан қорғаушылар болады деп сенемін», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, ант қабылдағаннан кейін сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне таратылады. Олар ҚР Президентінің, басқа да күзетілетін адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ерекше тапсырмаларды, дәстүрлі рәсімдерді орындайды, мемлекеттік ту мен Елтаңба эталондарын күзетеді.

Жиналған қауым назарына Президенттік оркестр мен «Айбын» президенттік полкі құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері арнайы плац-концертін ұсынды. Осы бағдарламамен ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері 2015 жылғы қыркүйекте Мәскеу қаласында өткен «Спасск мұнарасы» халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде өнер көрсеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар