Алматыда 5 нысан сенімгерлік басқаруға берілді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жыл басынан бері 5 нысан кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында қалалық Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абзал Егембердиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, мегаполисте биыл 5 нысан сенімгерлік басқаруға берілді. Олардың ішінде, 5 жыл мерзімге дейін сатып алу құқығынсыз 20 санитарлық-гигиеналық торап, ауған соғысына қатысқан ардагерлер мен мүгедектерді қолдау бойынша орталық ашу үшін Әуезов ауданы, 5 ықшам ауданы, 58 А мекен жайында орналасқан ғимарат бар.

«Сонымен қатар 5 жыл мерзімге дейін сатып алу құқығынсыз Алатау ауданы, Солтүстік айналым, 58/3 мекен жайы бойынша орналасқан ақыл-кемістігі бар адамдарға қолдау көрсетуге арналған «Тренинг-кафе» ашуға арналған ғимараты. Жетісу ауданының «Бақытты отбасы» орталығын ашу үшін Жетісу ауданы, Жансүгіров көшесі, 65/34 үй, Ломоносов көшесінің бұрышы мекен жайында орналасқан ғимарат және Алмалы ауданының «Бақытты отбасы» орталығын ашу үшін Наурызбай батыр көшесі, 106а мекен жайында орналасқан ғимарат сенімгерлік басқаруға берілді»,- деді спикер.

Оның айтуынша, мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру ережелеріне және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы үлгі шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

«Нысанды сенімгерлік басқаруға беру e-qazyna.kz реестрінің веб-порталында тендер өткізу жолымен жүзеге асырылады, онда тендерді мемлекет үшін ең жақсы деген ұсыныстар жасаған қатысушы ұтады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар