Алматыда 5 көлікті қағып кеткен жүргізуші ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ұрланған көлікпен 5 көлікті бірдей соққан мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Алматының Қалқаман ауданында болған. Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек күдіктіні ұстау үшін «Қолға түсіру» жоспары жарияланғанын айтты.  

«Күдіктіні «Боран-263» жол-патруль экипажы ұстады. 36 жастағы жүргізуші ішімдікке мас болған. Полицейлердің заңды талаптарына бағынудан бас тартқан ол қашып жүріп бірнеше көлікті зақымдады. Қазіргі уақытта күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оны қамауға алу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Салтанат Әзірбек.

Күдікті 21 ақпанға қараған түнгі сағат 01:00 шамасында Ер Жәнібек көшесінен «Mitsubishi Galant» көлігін ұрлап мінген. Көлік иесі тұлпарының ұрланғанын таңғы 4 шамасында біліп, полицияның 102 нөміріне  хабарласқан. Осыдан кейін, қалалық ІІД күдіктіні іздеуге кіріскен. Күдікті Әшімов көшесінде ұсталған.

Куәгерлердің айтуынша, мас жүргізуші Әшімов көшесіне жетпей, алдымен полицияның KIA Cerato көлігіне соғылған. Содан кейін, жол жиегінде тұрған 4 көлікті соққан.      

ІІД-нің ақпаратына сүйенсек, күдікті Жамбыл облысынан келген. 

Соңғы жаңалықтар