Алматыда 5 қаңтар күні бұзақылар КамАЗ көлігімен полиция департаментіне басып кірмек болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясының майор шеніндегі жедел уәкілі полиция ғимаратын қалай қорғағанын айтып берді. Полицейдің жеке басы қызмет ету ерекшеліктеріне байланысты жария етілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция майоры тәртіпсіздіктер 5 қаңтар күні түстен кейін «Алматы Арена» маңында басталғанын еске алды.

«Арнайы жасақ қызметкерлері өте агрессивті жұртты тыныштандыруға тырысты. Олар от жағып, көшені жауып тастады. Олардың мас күйінде екені көрініп тұрды. Қалай болғанда да, біз оларға жақын болдық, зомби туралы қорқынышты фильмдегідей көздері қызарып кеткен. Олар: «әкімдікке барайық» деп айқайлай бастады. Артынша бұл топ түгелдей әкімдікке қарай бет алды. Соққыға ұшыраған, физикалық зорлық-зомбылық көрген, киімдері жыртылған полиция қызметкерлерін көрдік. Шерушілер олардың шлемдерін, сауыттары мен қалқандарын алып алған. Олар барлық көлікті, соның ішінде жедел жәрдемді де тоқтатып, ішінде полиция қызметкерлері бар-жоғын тексерді. Тіпті, жүксалғышты ашуға мәжбүр етті. Біз полиция қызметкерлерін ол жерден қалай да алып кету керек деп шештік», – деп еске алды полицей.


Оның айтуынша, кешкі уақытта жедел уәкіл лаңкестердің қаруды басып алмауы үшін Полиция департаментінің ғимараттарын қорғауға мәжбүр болды.

«Айналмалы жолдармен Полиция департаментіне әрең жеттік. Бізге нұсқау берілді. Біз жарық-шулы гранаталарды лақтырып, ескерту жасай бастадық. Бірақ, бұл адамдар ештеңеге жауап бермеді, оларды ештеңе қорқытпады. Оқ жарақатын алған адам орнынан тұрып, департаментке қарай жүруін жалғастырды. Екі адам келіп, жаралыларды көтеріп, алып кетті. Тағы біреуі автоматын алып, бізге қарай оқ атты. Көліктермен жоғары жылдамдықпен өтіп бара жатып, оқ жаудырды»,- деді майор.

Спикердің айтуынша, күрес барысында әскерилерден тартып алынған КамАЗ көлігін жүргізген шабуылдаушы жойылды. Ауыр техниканың көмегімен полицияға шабуыл жасау әрекеті бірнеше рет қайталанды.

«Біз КамАЗ-дың қайта от алғанын естідік. Біреу тағы да біздің қақпамызды бұзбақ болды. Олар біздің ғимаратқа «Молотов коктейльдерін» қайта-қайта лақтырды. Департаменттің алдында үлкен ағаш өсіп тұр. Молотов коктейльдерінің бірі ағаштың бұтақтарына ілініп, ғимаратқа жетпей қалды. Адамдар агрессивті болды, толық қаруланған, бұл бейбіт шеру емес екені бірден түсінікті болды. Осы лаңкестердің шабуылына тойтарыс бере алған полиция қызметкері болғаныма қуандым. Абырой болғанда, мен әріптестеріммен бірге шабуылға тойтарыс беріп, аман қалдым»,- деп түйіндеді полиция қызметкері.


Соңғы жаңалықтар