Алматыда 424 түлек «Алтын белгіге» үміткер

None
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл Алматыда 424 түлек «Алтын белгі» алуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, бүгін қаланың 313 мектебінде соңғы қоңырау соғылып, 14 мыңнан астам түлек мектепті бітірді. Оның ішінде 424 оқушы «Алтын белгіден» үмітті. 975 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізбек.


9, 11-сынып оқушыларының қорытынды мемлекеттік емтихандары бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі: 9-сыныптарда 2-13 маусым аралығында, 11-сыныптарда 5-19 маусым аралығында. 11-сынып оқушылары Қазақстан тарихы бойынша емтиханды ауызша тапсырады.
Еске салсақ, ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар-ақпан, наурыз, мамыр-шілде, тамыз) өткізіледі. Талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Екі мүмкіндікте де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын таңдауға болады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 18 мамырдан басталып, 5 шілдеде аяқталады.

«Биыл 5 маусым мен 30 тамыз аралығында оқушыларға қосымша білім беру ұйымдастырылады. Білім сапасын арттыру мақсатында секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек топтары, экскурсиялар және тағы басқа шаралар қарастырылған»,- деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Соңғы жаңалықтар