Алматыда 4109 адам ЖИТС орталығының есебінде тұр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 4109 адам ЖИТС орталығының есебінде тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Алматыдағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Альфия Денебаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, соңғы жылдары мегаполисте АИТВ-ның жыныстық жолмен берілу жағдайларының 2013 жылғы 63% - дан 2022 жылы 77,9% - ға дейін көбейгені байқалған. Инъекциялық есірткі қолдану арқылы берілу 15% -ға жеткен.
«АИТВ-ны емдеу диагноз қойылғаннан кейін бірден басталады және ол тегін жүргізіледі. 2022 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша ЖИТС орталығында диспансерлік есепке 4109 адам тіргелген, жыл сайынғы өсім 10-11 пайыз. Анықталған жағдайлардың төрттен бір бөлігі еліміздің басқа аймақтарынан келген азаматтар. Антиретровирустық терапияны 3688 АИТВ мен өмір сүретін адам қабылдайды (АӨА) (бұл есепте тұрғандардың 91,2% және АӨА болжамды санының санының 83%), АРТ тиімділігі - 86% құрайды», - деді Альфия Денебаева.
Айтуынша, маңызды бағдарламалық әрекеттердің бірі АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу. АИТВ-ға оң нәтиже көрсеткен жүкті әйелдің профилактикалық ем қабылдауы өмірге дені сау бала әкелуін қамтамасыз етеді.
«Жүкті әйелдерді «әйелдер кеңесінде» АИТВ-ға екі рет жоспарлы тексеруден өткізеді, бұл алдын алу іс-шараларын уақтылы бастауға мүмкіндік береді. 2020 жылдан бастап жүкті әйелдердің жыныстық серіктері де АИТВ-ға тестілеуден өтуде»,- деді спикер.
Сондай-ақ эпидемиямен күресу және инфекцияның жаңа жағдайларын азайту үшін халықтың жұқтыру қаупі жоғары топтарына көп көңіл бөлінуде.
«Инъекциялық есірткі қолданушылар арасында парентеральді берілудің алдын алудың тиімді шараларының бірі «зияндылықты азайту» бағдарламасы болып табылады. Зияндылықты азайту - бұл есірткі қолданудың жағымсыз салдарын азайтуға бағытталған, яғни АИТВ, туберкулез, вирустық гепатит сияқты аурулардың берілуін азайтудың кешенді шаралары. Осы бағдарламаны іске асыру аясында қалалық емханаларда 19 сенім пункті мен 5 достық кабинеттері жұмыс істейді», - деді Альфия Денебаева.


Соңғы жаңалықтар