Алматыда 40 мыңнан астам абонент газбен үздіксіз қамтамасыз етіледі

None
None
АЛМАТЫ.  ҚазАқпарат - Биыл жазда мегаполисте 12 шақырымнан астам жылу желісі жөнделеді. 120 мыңнан астам абонент үшін газ құбырлары кеңейтіледі. Сумен қамтудың жаңа жүйелері жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Алматы әкімі жұмыс сапары барысында Дулати көшесі бойындағы ұзындығы 8,8 шақырымдық кәріз коллекторы учаскесінің құрылысын қарап шықты

Мегаполис басшысы қаланың Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.

«Барлық объектілер мерзімінде берілуі және кешенді түрде абаттандырылуы тиіс», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Өткен жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Алтынсарин көшесі бойына ұзындығы 2,8 шақырымдық газ құбырын тарту жұмысы ойдағыдай аяқталды. Осының арқасында 40 мыңнан астам абонент газбен үздіксіз қамтамасыз етіледі.

Жамбыл көшесі бойымен Назарбаев даңғылы және Пушкин көшесінің арасында жылу желілерін қайта жасау жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды, қазір мұнда маңайды абаттандыру ісі жалғасуда.

 Сондай-ақ, қаланың бірқатар учаскелерінде жұмыстар жүруде. Олар шілденің соңына таман аяқталады. Жұмысы қомақты әрі күрделі учаскелер тамыз айының соңында іске қосылады. Мұндағы барлық абоненттер уақытша сызба арқылы ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етіледі.

Сумен қамтудың және судан бөлудің жаңа желілерін салу жұмыстары жалғасуда. Осының арқасында қаланың 5 ауданының 120 мыңнан астам тұрғыны сапалы сумен және орталықтандырылған кәрізбен қамтамасыз етіледі.

Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі қаланың тарихи орталығын қайта жаңғырту жұмысын тексерді. Қазіргі кезде Абай, Абылай хан, Назарбаев даңғылдары мен Абай алаңының учаскелерінде инженерлік желілерді ауыстыру, тас төсеу, суару жүйесін орнату, нысанның сыртын жаңарту жұмыстары жүруде.

Айта кетейік, осы жазда Алматыда ұзындығы 160 км болатын 150-ден астам көше жөнделеді. Барлық жер асты өтпелі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы қалада 500 аула жөнделсе, биыл қаланың барлық аудандарында тағы да 600-ден астам аула ретке келтіріледі. Реконструкция барысында жаяу жүргіншілер жолын, жасыл желек аймақтарын кеңейту, жаңа фонтандар салу қарастырылған.

 Сондай-ақ, мегаполисте соңғы жылдары 800 км инженерлік жүйелер салынды және жөнделді. Соның 313 км - су құбыры, 266 км - кәріз құбыры, 150 км - электр беру желісі және 32,3 км - жылу желісі.

Соңғы жаңалықтар