Алматыда 4 жасар «хрусталь» қызға бірегей ота жасалды

None
Фото: №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері сирек кездесетін ауыр дертпен туған бүлдіршінге бірнеше күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 қалалық клиникалық аурухананың травматолог-ортопед мамандары майтабанның туабітті ауыр түрімен және жетілмеген остеогенез (сүйектері морт сынады) дертімен қатар ауыратын 4 жастағы кішкентай қызға операция жасады.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған ота Понсети Орыс қауымдастығы президенті Максим Вавиловтың қатысуымен өткен бірегей шеберлік класы барысында жасалды.

Аурухана баспасөз қызметінің дерегінше, туабітті ақауды түзету мақсатында пациентке сіңір ауыстыру, ахилопластика, аутотрансплантант орнату сынды бірнеше хирургиялық манипуляция жасалды. Күрделі операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.

Травматология бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Садырбалиннің айтуынша, сүйектері морт сынатын болғандықтан ұзақ уақыт бойы ота жасауға мүмкіндік болмады. Осы уақытқа дейін ол елордадағы «Ана мен бала» ғылыми-зерттеу институтының алмастыратын терапиясымен шектеліп келген.

«Бала іштен осындай дертпен туған. Уақыт өте келе табандары ауырып, пішіні өзгерген. Бала болып жүгіріп, секірмек түгіл, аяғы басқанда да ауыратын. Біз көпке дейін оған операция жасай алмадық. Егер жасасақ сүйектер шыдамай, сынып кететін еді. Сол себепті баланың сүйегі қатқанша, яғни 4 жасқа дейін күттік. Вальгусты майтабанға ота жасалды, енді ол жоғарыда айтылған шағымдардың бір бөлігінен арылуы тиіс», - дейді Ерлан Садырбалин.

Кішкентай пациент ауруханадан шықты. Алдағы уақытта ол медициналық оңалтудан өтеді.




Соңғы жаңалықтар