Алматыда 4 жасар бала жоғалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 4 жастағы бүлдіршін із-түссіз жоғалып кетті. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«2014 жылы туған Әрсен Көмеков 17-мамыр күні Алатау ауданы Шаңырақ ықшам ауданында жоғалған. Түс ауа үй қақпасының сыртында үлкендердің қарауынсыз ойнап жүрген бала белгісіз бағытта жоғалып кеткен»-деді ІІД баспасөз қызметінен.

«Баланың туыстары өздері іздеп таба алмаған соң, полицияға түнгі 10-ның кезінде баланың жоғалғаны туралы хабарлаған. Көп кідірмей криминалдық полиция қызметкерлері, жергілікті инспекторлар, жол-патрульдік полициясы, үйретілген иттерімен кинологтар, Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлерінен жедел іздестіру тобы құрылды. Бастапқыда команда құрамында 23 адам болса, қазір олардың саны 34-ке жетті. Баланы іздеуге барлығы 100 полиция қызметкері жұмылдырылды»,-деді қалалық ІІД ресми өкілі полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, бірінші кезекте кәріз люктері мен құдықтар, каналдар мен арықтар, тоғайлы жерлер мен өзендер, бос тұрған үйлер мен шатырлар сияқты бала үшін қауіпті нысандар тексерілді. Қазірге дейін 26 600 үй тексеріліп, 18 мың адамнан мәлімет сұрастырылды. Бір келіншек оқиға болған күні кешкі сағат 8-00-дер шамасында дүкенде бір баланың жылап тұрғанын, бірақ аса назар аудармағаннын айтқан.

Сонымен қатар, жедел қызмет бөлімінің мамандары Шаңырақ ықшам ауданында орналасқан бейнежазбаларды тексеруде. Жоғалған бала туралы мәліметтер қала сыртындағы аудандар мен облыстардағы полиция бөлімшелеріне жіберілген.

Полицияға келіп түскен ақпарат бойынша, жоғалған баланың үстінде кеудесінде қызыл жолағы бар қара футболка, көкшіл қара шалбар, аяғында қара түсті кроссовка болған. Баланың бойы 100 см шамасында, ерекше белгілері жоқ.

«Баланы көрген-білген азаматтар болса, тез арада 227-55-00; 227-55-01; 227-55-02; 8-701-523-17-07 немесе102 нөміріне хабарласуын сұраймыз» -деді Салтанат Әзірбек.

Фото: ҚР ІІД баспосөз қызметі

Соңғы жаңалықтар