Алматыда 4 мыңнан астам адам ЖИТС орталығының есебінде тұр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 1-ші қыркүйектегі жағдай бойынша Алматыдағы Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) орталығында диспансерлік есепте 4009 адам тіркелген. Жыл сайынғы өсім 10-11% - ды құрайды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Алматыдағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Альфия Денебаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, Алматы қаласы бүгінде Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясының таралуы бойынша республикада алтыншы орында тұр. Сондай-ақ, ел бойынша және Алматы қаласында АИТВ-ның жыныстық жолмен берілу жағдайы көбейген.

«АИТВ-ның жыныстық жолмен берілу жолы 2013 жылғы 63%-дан 2022 жылы 78,6% - ға дейін өскен. Оның ішінде Алматыда барлық анықталған жағдайдың 16,8 пайызы жыныстық «гомо» жолмен берілген. Инъекциялық есірткі қолдану арқылы берілу 15%-ды құрайды», - деді дәрігер.

Ол сондай-ақ инфекцияның таралу жолдары туралы айтты.

«АИТВ үш жолмен беріледі. Жыныстық қатынас, жұқтырған адамның қаны арқылы, мысалы, тіс щеткаларын, қырыну және маникюр құралдарын ортақ пайдалану, татуировка және пирсинг жасатқанда көктамырішілік препараттарды қолдану кезінде немесе жұқтырған анадан балаға, жүктілік, босану және емізу кезінде. Жоғарыда аталғандардан басқа АИТВ-ның берілу жолы жоқ. Сондықтан АИТВ індетін жұқтырған адаммен араласуға, дос болуға әбден болады»,- деді ол.

Альфия Денебаева АИТВ инфекциясы бүгінде емделетін созылмалы аурулар санатына жататынын атап өтті.

«Бүгінгі күні індетті емдеу диагноз қойылған соң бірден басталады және тегін көрсетіледі. АИТВ статусын арнайы тест тапсыру арқылы ғана біле аласыз. Әр адам тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЖИТС орталығында АИТВ-ға тесттен тегін өте алады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар