Алматыда 4 күннен бері ешкім ауруханаға менингококк жұқпасына күдікпен түспеген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 4 күннен бері менингококк жұқпасымен ауруханаға науқастар түспеген. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде қалада 17 адам менингитпен ауырып жатыр, оның 7-еуі балалар екен.

«Соңғы үш күн ішінде менингококк жұқтырды деген күдікпен ешкім ауруханаға жатқан жоқ. Бұл аурумен соңғы рет 3 маусым күні түскен. Алайда, бұған қарамастан пациенттердің арасында менингококк жұқпасымен  қаралып жатқандар азаймай тұр. Тұмау мен ауырғандарды да  тексереміз. Бүгінде палатада менингококк жұқпасымен 10 адам жатыр.  Денсаулықтары қанағаттанарлық деңгейде. Олар жансақтау бөлімінен бокс бөліміне көшірілді. Оның үшеуі үйге шығу үшін сараптама қорытындысын күтіп отыр», - деді И.С.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Тамара Тағанова.

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында менингококк вирусын жұқтырған 7 бала жатыр.

«Балалардың денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде.  Ең кішкентай науқасымыз 1,5 жаста. Алматыда 13 адам менингококк жұқпасымен ауырған болатын. Олардың 4-еуі үйіне шығарылды.  Денедегі бөртпе кетпейінше ешкімді ауруханадан шығармаймыз», - деді балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин.

Еске сала кетсек, Алматыда менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен  48 адам тексеріліп, оның 41-інде ауру расталған еді. Менингококк инфекциясының жылдам түрінен 6 адам қайтыс болды. Оның 4-еуі ересек адам, 2-еуі бала болатын.

Соңғы жаңалықтар