Алматыда 4 букмекерлік кеңсе жауапқа тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «PariMatch», «ВК Triumph», «Фаворит» және «PROFITBetting» букмекерлік кеңселерінің басшыларын жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мекемелердің лауазымды тұлғалары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Тергеу букмекерлік кеңселердің басшылары заңды бизнеспен қатар, өз мекемелерінің ішінде жасырын онлайн-казино ұйымдастырғанын дәлелдеді.

«Сот үкімімен «PariMatch» БК және «BK Triumph» БК лауазымды тұлғаларына аз мөлшерде табыс алумен байланысты тиісінше 500 және 200 АЕК айыппұл салынды. «Фаворит» және «PROFITBetting» букмекерлік кеңселерінің басшылары өз қызметі кезеңінде аса ірі мөлшерде заңсыз кіріске ие болып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды», делінген хабарламада.

Қылмыстық істер бойынша сотталғандардан тәркіленген мүліктің жалпы сомасы 700 миллионнан астам теңгені құрады.

Еске салсақ, маусым айында Алматыда «Олимп» букмекер кеңсесінің ісі бойынша сот үкімі шыққан болатын. Ал Маңғыстауда банк қызметкері клиенттердің 90 млн теңгесін букмекер кеңсе арқылы жымқырған.


Соңғы жаңалықтар