Алматыда 38 мыңдай оқушы мектеп автобустарына мұқтаж

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 38 мыңға жуық бала мектеп автобустарына мұқтаж, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева брифинг барысында «Мектеп автобустары» жобасы бойынша мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Ата-аналар арасында сауалнама жүргіздік, қазір 38 мыңға жуық балаға қажеттілік бар. Мектеп автобустары, ең алдымен аса қажет аудандарға енгізіледі. Пилоттық жобада біз төрт ауданды таңдап алдық. Атап айтар болсам, Бостандық, Наурызбай, Алатау және Медеу. Қазір мектептерді анықтап жатырмыз. Олар анықталса, әр мектепке арнайы маршруттар жасаймыз. 20, 30, 50 орындық автобустар бар. Жоба кезең кезеңімен жүзеге асырылады», - деді спикер.

Ол автобустардың нақты қашан оқушыларды тасымалдауға шығатынын айтқан жоқ.

«Кез келген механизм белгілі бір процедуралардан өтуі керек: мемлекеттік сатып алу, жеткізушіні анықтау. Қорытындысы шыққан бойда бұл жоба жүзеге асады. Оның сомасы да белгісіз. Себебі, балалар мен автобустардың санын есептеп жатырмыз», - деді ол.

Еске салсақ, Алматы әкімі Ерболат Досаев келесі жылы «Мектеп автобустары» бағдарламасы жүзеге асырылатынын айтқан еді.


Фото: abai.kz



Соңғы жаңалықтар