Алматыда 355 құтқарушы мен өрт сөндіруші тәулік бойы кезекшілік етеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары Арман Байгелов тұрғындарды карантин кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин кезінде Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР ІІМ-нің бұйрығымен 1525 құтқарушы қызмет атқарудың ерекше режиміне ауыстырылған. Тәулік бойы жедел қолдануға 118 бірлік техника берілген және 355 құтқарушы және өрт сөндіруші қызмет етуге дайын.

«Біз қала тұрғындарын төтенше жағдай режимінен хабардар етіп, ақпараттандыру үшін күніне 5 рет 510 теледидар мен 22 радио арна арқылы ақпарат таратамыз. Қалада 24 карантин ошағы деп табылған үйлер бар. Ол жерлерде үй тұрғындарына кіріп-шығу шектелген. Пәтер иелері кооперативінің басшылары осындай пәтерлердің бірінен өрт шыққан жағдайда барлық кіреберістегі пәтерлердің тұрғындары эвакуацияланатынын түсінгені дұрыс. Олар үшін алдын ала басқа кіре берістен тұрғындармен араласпайтындай орын анықтау керек», – дейді Арман Байгелов.

Сонымен қатар, ол алматылықтарды қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

«Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, оларды өрт кезінде қолданатын іс-әрекетке үйретіңіз. Төсекте темекі тартуға болмайды. Газ және электр құралдарын қолданғанда аса мұқият болу қажет. Ас үйде немесе пәтерден газ иісін сезсеңіз электр жарғын қоспаңыз. Газды жауып, құтқару немесе газ қызметін шақырыңыздар. Сондай-ақ электр сымдарының дұрыстығын бақылаңыздар. Қолдан жасалған электр аспаптарын қолдануға болмайды», – деді ол.

Сондай– ақ, ол алдын алу бойынша бірнеше ескертпе әзірлегендерін және оларды тұрғындардың телефондарына WhatsApp арқылы жіберілетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар